
Салауатты өмір салтын серік еткен зейнеткерлер үшін мұнда емдік денешынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Күнделікті 700-ге жуық қария екі ауысым бойынша қызмет алады. Әр азаматтың лайықты қарттық шағын қамтамасыз етуге қамқорлық жасау - Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Мемлекет азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жақсарту бойынша жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің жағдайын жақсарту үшін 2025 жылға дейінгі "Белсенді ұзақ өмір" ұлттық іс-қимыл жоспарын жасады. Оны қабылдау егде жастағы азаматтардың қоғамның түрлі салаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтеді және де оларды мемлекеттік қолдаудың сапалы шараларымен қамтамасыз етеді. Ұлт жоспары аясында әр аймақта белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарлануда.
Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 10,5% құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-на дейін, ортақ зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. Нақты цифрмен айтсақ, 158 мыңнан 189 мыңға дейін өсірілді.