Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Үлкен Алматы каналын қайта жаңғырту жұмыстарын тексерді,депхабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 23,1 шақырым учаскеде негізін бетондау, арнасын тазарту және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аумақты көріктендіру қатар жүріп жатыр — кеспетас, жарықтандыру және көгалдандыру бойынша шешімдер айқындалды. Жұмыстарды аяқтау мерзімі — қазан айы. Алайда жаз мезгілінде суды жіберіп, сапасын тексеру үшін жұмысты жеделдету тапсырылды. Бұл талап орындалмайынша нысан қабылданбайды. Сондай-ақ әкім Баум тоғайын аралап шықты. Мұнда көріктендіру жұмыстары аяқталу кезеңінде.
Негізгі басымдық табиғи ортаны сақтауға берілген: демалыс аймақтары жасақталған, жарықтандыру мен бейнебақылау орнатылған. Жасыл желектің жай-күйі өзекті мәселе болып қала береді. Мамандармен оларды қалпына келтіру және күтіп ұстау шаралары талқыланды. Сонымен қатар Дархан Сатыбалды С. Сейфуллин атындағы саябақты аралап, қоғамдық кеңістікті жаңғыртудың заманауи тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.