Астанадағы «Aspan» №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде grappling бойынша Student Games League студенттік спорттық турнирінің іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыс «Заң мен тәртіп» аясында «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ Қазақстан grappling қауымдастығы мен Астана қаласының grappling федерациясының бірлесіп ұйымдастырылуымен өткізілді.
«Бүгінгі турнир – жастарды спортқа баулудың, оларды зиянды әдеттерден қорғаудың нақты тетіктерінің бірі. Біз үшін ең бастысы – жас буынның дұрыс бағытта дамуы, олардың уақытын тиімді өткізуі. Осындай жарыстар арқылы біз тек мықты спортшыларды ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, саналы азаматтарды қалыптастырамыз. “Астана – есірткісіз қала” бастамасы аясында мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді осы жобаның бастамашысы, Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Асет Гельманов.
«Бұл бастама студенттік спортты дамытуға және жастар арасында салауатты, белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Турнирдің басты ерекшелігі – оның «5х5» форматында өтуі. Әрбір университет 5 үздік спортшыдан құралған команда ұсынды.
Олар ММА, grappling, дзюдо, еркін және классикалық күрес сияқты спорт түрлері бойынша сынға түсуде. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар қылмыстың алдын алу құралы. Осындай іс-шаралар жастар арасында тәртіпті нығайтып, зиянды әдеттерден алшақ болуға ықпал етеді», – деді Student Games League бас жобалық менеджері Даулет Капаев.
Жарысқа Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Есіл университеті, Тұран университеті, Назарбаев университеті, Қазақ технология және бизнес университеті және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерінен құралған командалар қатысты.
Ал іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік командалар 2026 жылғы 25 сәуірде өтетін финалдық кезеңге жолдама алды.