Елордада JOLTAP жобасын жалғасып жатыр. Бұл жоба мыңдаған астаналыққа еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруге, жұмыс табуға және табысын арттыруға мүмкіндік берді. Жоба түлектерінің бірі, көпбалалы ана Балжан Оңғарбаева JOLTAP бастамасы оның өмірін қалай өзгерткенін айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
39 жастағы Балжан бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып көрмеген. Астаналық тұрғын 2025 жылдың тамыз айында онлайн-сауда бойынша оқудан өтіп, өзінің Kaspi-дүкенін іске қосты. JOLTAP жобасы туралы ол танысынан естіп, бірден «Kaspi-дүкендегі сауда» курсына жазылған.
Түлектің айтуынша, оқу барысында тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар бүгінде де қолданып жүрген практикалық дағдыларды меңгерген.«Курста сапалы білім алдым. Оқытушы Әлия бәрін өте түсінікті түрде түсіндіріп, күн сайын тапсырмалар беріп отырды. Сол тапсырмаларды орындай отырып, Kaspi-дүкенмен қалай жұмыс істеу керектігін: тауарға тапсырыс беру, маржаны дұрыс есептеу және тауарларды талдау жолдарын түсіне бастадым», – дейді Балжан.
«JOLTAP сияқты курстар өте маңызды және ең бастысы бәріне қолжетімді. Оқу кезінде көп жаңа нәрсе үйреніп, қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсінесің. Бұл жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Курстан алған барлық білімімді іс жүзінде қолданып жүрмін», – дейді ол.
«Бізге тек сапалы тауарларды сатуға кеңес берілді, мен осы қағиданы ұстанамын. Себебі Kaspi-дүкенде жоғары рейтингті сақтау өте маңызды. Сатып алушылар ең алдымен рейтингке назар аударады», – дейді астаналық кәсіпкер.
«Мен қай жерде жүрсем де JOLTAP бағдарламасы туралы айтып жүремін. Қазіргі заманда сұранысқа ие дағдыларды үйрену әрдайым маңызды. Болашақта бұл курстарға ұлым мен қызымды да жаздырғым келеді. Мұндай курс әр адамға қажет әрі үлкен пайда әкеледі деп есептеймін», – деп түйіндеді астаналық тұрғын.