Кәсіпкерлікке құлшынысы бар жастар мен бизнес иелері үшін қосымша білімін арттыратын JolTap жобасы Астанада жүзеге асырылып жатыр. Тегін курстың басты мақсаты – сұранысқа ие мамандықтар бойынша азаматтарға кәсіп түрлерін үйрету. Елордада көпшілік арасында сұранысқа ие жоба арқылы 32 жастағы кәсіпкер Айдар Құрманғазиев жақында «Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері» курсын аяқтады. Жоба қатысушысы курстың өз бизнесіне қаншалықты пайдалы болғанын және оның тиімді тұстарын айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жоба елордалық тәжірибелі кәсіпкерге жаңа серпіліс сыйлады. Айдар Құрманғазиев 2015 жылдан бері бизнеспен айналысып келе жатыр. Ол JolTap туралы әлеуметтік желі арқылы естіген. Кейіннен ол Астанадағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, «Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері» курсына тіркелген.
«Курсқа тіркелген кезде менің Kaspi дүкенімде тауарларым болды. Мен ол кезде ерлерге арналған аяқкиім сатумен айналыстым. Ал қазіргі кезде оқушыларға арналған мектеп сөмкелері мен ерлердің сақал қырғыштарын сатамын», - деді Айдар.
Оның айтуынша, бір аптаға созылған курс оған бұрыннан келе жатқан бизнесін жаңа деңгейге көтеруге көмектескен. Сондай-ақ ол бұрын назар аудармаған ұсақ-түйектердің сатылымға қаншалықты әсер еткенін түсінген.
«Курста бізге осы салада біраз тәжірибесі бар әрі Kaspi дүкені бар оқытушы сабақ берді. Ол теориялық біліммен шектелмей, бизнесті дамыту бойынша құпияларын бөлісті. Өзі де кәсіпкер болғандықтан, теориялық білімін практикада көрсетіп отырды. Kaspi дүкенде тауарларды қалай сататынын айтты. Әр сабақ өте қызықты өтті. Оқытушымыз біздің барлық сауалымызға қысқа әрі нұсқа жауап берді», - деп ерекше атап өтті жоба қатысушысы.
Сондай-ақ ол курс барысында сатылымды арттыруға қатысты маңызды пайдалы кеңестер берілгенін айтты.
Курс соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілген.
«Алайда бұл жобамен байланыс тоқтамады. Себебі WhatsApp-та жеке ортақ топ ашылды. Мұнда кәсіпкер-оқытушымен үнемі байланыста боламыз. Кез келген уақытта сұрағымызға жауап ала аламыз. Сондай-ақ оқытушымыз қажетті ақпараттарды бөлісіп отыруды ұмытпайды», - деді елордалық кәсіпкер.
Сонымен қоса, ол жобаның пайдасы туралы айтып берді.
«Бұл – өте пайдалы жоба. Көпке тигізер пайдасы мол. Әсіресе өзің іздеп жүрген жастар үшін өте қажет. Оның үстіне – тегін», – деп Айдар жобаның ерекше маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, JolTap – жас мамандар мен кәсіпкерлердің дамуына үлкен қолдау көрсететін әлеуметтік жоба. Тегін және сапалы курстар арқылы әр азамат өз ісін табысты жүргізе алады.