Қарағандыда есірткі таратумен айналысқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 40 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол психотроптық заттарды заңсыз таратумен айналысқан деген күдікке ілінді. Операция жедел ақпараттың негізінде өткізілді. Күдіктіні ұстау барысында оның жанынан шамамен 100 грамм ұнтақ тәрізді, есірткі затына ұқсас зат салынған полиэтилен пакет табылды. Сонымен қатар қара изолентаға оралған, ішінде кристалл тәрізді заты бар екі орама анықталды.
Ұсталған азамат полицейлерге қосымша жасырылған орындарды көрсетіп, сол жерлерден тағы жеті дәл осындай орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың барлығы мефедрон болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктінің өзін ұстап тұру кезінде мінез-құлқының біртүрлі екенін байқап, медициналық куәландыру жүргізді. Сараптама нәтижелері оның A-PVP және мефедрон психотроптық заттарын қолданғанын растады. Аталған дерек бойынша күдіктіге қоғамдық орында есірткілік мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары кезеңінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.