Алматы полицейлері суицид жасамақ болған ер адамды үйдің шатырынан түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті тұрғындар полицияға “Көкмайса” ықшамауданындағы үйлердің бірінің шатырының шетінде отырған ер адам туралы хабар берді.
– Азаматтар маған жүгінгенде мен әкімшілік бөлімімде стационарлық полиция постында отырдым. Көрсетілген үйге тез жүгіріп бардым, сондай-ақ патрульдік полициядағы әріптестерімнен көмек сұрадым. Мен ер адаммен сөйлесіп, асығыс әрекет жасамауға көндіріп жатқанда патрульдік полицейлер төбеге көтерілді, – дейді Жетісу аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы Нұрлан Конусов.
– Біз оқиға орнына бірнеше минут ішінде жеттік. Қай жағынан ешкімге білдірмей шатырға шығуға болатынын жергілікті тұрғындар көрсетті. Серіктесіміз екеуміз жасырын түрде десе де болады, шетіне қарай өрмелеп бардық және ашуланған адамды сол жерден алып шықтық. Учаскелік инспектор осы уақыт бойы төменде болды, оны әңгімелермен алаңдатты, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ППП инспекторы Абылайхан Оқасов.
Өзіне қол жұмсамақ болған адам – Шығыс Қазақстанның тумасы екендігі анықталды. Оның айтуынша, жеке басының мәселелері үшін күйзеліске ұшыраған кезінде суицидке бару туралы шешім қабылдаған.