Алматының Бас жоспарын түзету аясында Түрксіб ауданында «Шығыс қақпасы» жаңа полиорталығын құру жоспарланып отыр. Ол іскерлік, әлеуметтік және демалыс инфрақұрылымын біріктіріп, мегаполистің негізгі өсу нүктелерінің біріне айналады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі стадион салу және бірыңғай сәулеттік стильде орындалған заманауи тұрғын үй кешендері бой көтереді. Жоба аясында Сейфуллин көшесінен теміржол вокзалына дейінгі аумақта ескі тұрғын үйлерді жаңғырту, мектептер, балабақшалар мен емханалар орналастыру көзделген. Сондай-ақ көше-жол желісін дамыту, оның ішінде Хмельницкий көшесін Құлжа тас жолы бағытына қарай ұзарту жоспарланып отыр. Рысқұлов даңғылынан әуежай маңындағы көлге дейінгі аумақ көріктендіріліп, жаңа қоғамдық кеңістік құрылады,-делінген хабарламада.Бас жоспарды түзету қаланың тек орталық бөлігін ғана емес, төменгі аудандарын да кешенді дамытуға мүмкіндік беріп, Алматының барлық бөлігінде өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастырады.