Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Алматыбасжоспар» мекемесінде жиын өткізіп, шаһарды полиорталықты даму моделіне көшіру жайын талқылады. 2040 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес, қалада бес ірі қоғамдық-іскерлік кластер құрылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Солтүстік» орталық — Алматы-1 теміржол вокзалы маңында орналасады. Бұл қызмет көрсету саласы мен шағын бизнесті қарқынды дамыту аймағына айналады. «Батыс» орталық — Алматы-3 вокзалы мен Боралдай елді мекені аумағында 90 гектарлық саябақ, көпсалалы аурухана және т.б. инфрақұрылымдық жобалар салынады. «Оңтүстік-батыс» орталық — Райымбек даңғылы мен Алатау көшесінің қиылысында орналасады. Мұнда логистикалық және іскерлік нысандар шоғырланады. «Тарихи орталық» — Байтұрсынов көшесі – Абай даңғылы – Зенков көшесі – Жібек Жолы көшесінің аумағында орналасқан. Бұл аймақта өнеркәсіптік нысандар салынбайды, керісінше тарихи-мәдени маңызы бар ғимараттар қалпына келтіріледі. «Шығыс қақпасы» — Талғар және Құлжа тас жолы маңында логистикалық хаб құрылады.Әкім әрбір полиорталықты әлеуметтік инфрақұрылымды, демалыс аймақтарын және адамдар мен бизнесті тартатын зәкірлік жобаларды ескере отырып, кешенді түрде дамыту қажеттігін атап өтті, - делінген хабарламада.
