Ақтауда жетінші сынып оқушысы бірнеше рет жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап, болған жайтты ұзақ уақыт бойы жасырып келген. Ақпаратқа қатысты полиция пікір білдірді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған қызға қатысты жантүршігерлік зорлық-зомбылық туралы ақпарат "Немолчи.kz" қорының парақшасында жарияланды. Мәліметке сәйкес, оқиға былтыр қыркүйекте басталған.
"Жетінші сыныпта оқитын қызды мектептен кейін ұстап алып, құрылыс алаңына күштеп апарып, қорлап, соның бәрін телефонға түсірген. Топ болып, жыныстық сипаттағы қатыгез әрекеттер жасаған, интим жерлеріне темекі тығып, ішіне секіріп, ұрып-соққан", – делінген жазбада.
Сондай-ақ, олар кеңсе пышағымен қыздың денесіне сөздерді ойып жазғаны айтылған.
"Зорлық-зомбылық бірнеше рет қайталанған... Қыз біреуге айтуға қорқып, ұзақ уақыт анасына шындықты айтпай, депрессияға түскен", – деп жазады қор өкілдері.
Қордың мәліметінше, қазір қыздың психологиялық жағдайы ауыр: ол жарықсыз ұйықтай алмайды, бірнеше рет психиатриялық клиникада ем қабылдаған және өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше рет әрекет жасаған.
"Олар өзі өлуі керек екенін қыздың санасына құйып тастаған. Қорлау, ұрып-соғу және зорлау арқылы оны соған сендірген, қазір ол өзін және өз денесін жек көреді, өзін лас әрі өмір сүруге лайықсыз деп санайды", – делінген жазбада.
Жазбада күдіктілердің ешқайсы ұсталып, жауапқа тартылмағаны айтылған. Олардың барлығы бостандықта жүрген көрінеді.
Tengrinews.kz тілшілері Маңғыстау облыстық Полиция департаментінен ресми пікір алды. Ведомство мәліметінше, аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі ("Кәмелетке толмағанды зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалған."Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деді Маңғыстау облыстық ПД өкілдері.