Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған ағасы мен қарындасына зорлық көрсеткен 24 және 23 жастағы екі ер адамды соттады. Екеуі де ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
15 жастағы колледж студенті мен оның 16 жастағы ағасына қатысты қылмыс өткен қарашада Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде әшкере болды. Полиция мәліметінше, жасөспірімге жасалған зорлық-зомбылық қарындасын зорлау дерегі бойынша тергеу барысында ғана белгілі болған.
Екі жағдайда да күдіктілер жергілікті тұрғын болып шықты. Олар ұсталған соң қамауға алынып, жасөспірімдер жалғыз басты анасымен бірге уақытша дағдарыс орталығына орналастырылған. Онда оларға психологиялық кеңестер беріліп, оқуын жалғастыруға көмек көрсетілген.
Сот маусымда басталып, бірнеше айға созылды. Сотталушылар кәмелетке толмағандарға сексуалдық зорлық көрсетті деп айыпталған."Сотталушыларға 121-баптың 3-1-бөлігі 1-тармағы және 122-баптың 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Негізгі фигурантқа 121-баптың 4-бөлігі, 120-баптың 3-1-бөлігі 1-тармағы бойынша да айып тағылды".
Сот жабық режимде өтті. Үкім жарияланған соң судья Құдабай Сұлтанов істің мен-жайын айтты. Жәбірленуші оқушы қыз жүкті екенін білген соң қылмысы туралы айтқан. Қыздың айтуынша, ол алғаш рет 10 жасында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оның ағасы да жарақат алғаны белгілі болды. Тексеру кезінде кәмелетке толмаған балада да тік ішек жарақаты бар екені анықталды.
Сот айыпталушыларды жасаған қылмыстары үшін кінәлі деп танып, бірін 22 жылға, екіншісін 15 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Сондай-ақ сотталғандардың әрқайсы моральдық шығын үшін жәбірленушілерге бір миллион теңгеден өтемақы төлеуі тиіс.