Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.
Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.Сонымен қатар бейнебайланыс «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті:
«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.
