Шымкент қаласы әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастыру және халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықтың ұсыныстарын тыңдау
Қала әкімінің бастамасымен іске қосылған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындарға қаланың дамуына өз ойы мен ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Қоғамдық орындар мен автобустарға орнатылатын QR-кодтар арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарын жолдай алады. Барлық ұсыныстар мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады.
Отбасы құндылықтары мен шығармашылықАбай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Әкеге хат» жобасы отбасы құндылықтарын дәріптеуге, әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сенімді нығайтуға бағытталған. 8–11 сынып аралығындағы 108 оқушы қатысып, әкелеріне жүрекжарды хаттарын ұсынды. Жобаның жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта «Анаға хат» нұсқасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қоғамдық мүлікті қорғау және вандализмге қарсы шаралар
2024 жылы жаңа аялдамалар жарықтандырылған: өткен жылы 600, биыл қосымша 752 аялдама. Алайда соңғы уақытта аялдамалардың жарық желілерін қырқу, ортақ мүлікке зиян келтіру фактілері тіркелді. Жыл басынан бері 175 аялдаманың жарық шамдары зақымдалып, 70 аялдамаға қайта шабуыл жасалған. Барлық материалдар Полиция департаментіне жолданады.
Жол қозғалысы және инфрақұрылым
Көлік кептелісін болдырмау үшін бірнеше қиылыстарда бағдаршам нұсқаулары жаңартылды. Сонымен қатар, А-2 тасжолы мен кейбір қалалық көшелер жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады. Жаяу жүргіншілер мен көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазыбек би, Адырбеков, Желтоқсан және Қабанбай батыр көшелерінде катафоттар орнатылды.
Қоғамдық демалыс және мұз алаңдары
Ашық аспан астындағы жаппай сырғанауға арналған 2 мұз алаңы жеке кәсіпкерлер есебінен салынады:
«Спорт сарайы» жанында – 550 м², айына 20–30 мың адамға арналған;
Арбат аллеясында – 1830 м², айына 50–60 мың адамға арналған.
Қаладағы әлеуметтік қолдау
Тассай шағынауданында 1 700 үйге табиғи газ қосылды, жобаның бірінші кезеңінде 800 абонент қамтылды. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 70 шақырым, барлығы 3 345 абонентке қызмет көрсетіледі.
Шымкент қаласында көп балалы аналар марапатталып, 101 ана «Алтын алқа», 200 ана «Күміс алқа» иегері болды. Қазіргі таңда қалалық деңгейде 39 мыңнан астам көп балалы ана тұрады.
Жоғары технологиялық медициналық көмек
№1 қалалық клиникалық ауруханада 241-ші туыстық бүйрек ауыстыру операциясы сәтті жүргізілді. Донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты. Сонымен қатар, қалада 3 жүрек трансплантациясы жасалды.
Онкологиялық орталықта елімізде алғаш рет күрделі операция – кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру жүргізілді. Шымкенттің медицина мамандары Ресей және Литва ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырды.
2025 жылдың 10 айында қала медициналық ұйымдарында 1 089 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді.
Инновациялық қалалық нысандар
«Көл» демалыс аймағында заманауи музыкалы-лазерлі субұрқақ іске қосылды. Субұрқақ кешкі және түнгі мезгілде музыка, лазер және отты шоу үйлесімін ұсынады. Жұмыс кестесі: 18:00–22:20 аралығында, әр 1 сағат сайын 20 минуттық қойылымдар ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда магистралды қиылыстарға жаңа көше атауы сілтегіштері орнатылып, қала қонақтары мен туристерге навигация жеңілдетілді.
Қылмыстық жағдай және қауіпсіздік ескертулері
Өткен аптада қалада 184 қылмыстық іс тіркеліп, оның 6-сы сотқа жолданды. Ең жиі қылмыстар – алаяқтық (57), ұрлық (43), есірткінің заңсыз айналымы (10), жол-көлік оқиғалары (9). Алаяқтықтың көп бөлігі интернет алаяқтық болып, тұрғындардан ақша алу, инвестицияға қаражат аудару және жалған қоңырау шалу арқылы жүзеге асырылады.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, телефонға алаңдау, рұқсат етілмеген жерден өту, кәмелетке толмағандардың ережесіз скутер/самокат жүргізуі, мас күйінде көлік басқару.
Көпқабатты үйлерде велосипедтер, бала арбалары сияқты заттардың ұрлануы да күннен-күнге артып отыр.
Қала тұрғындарына ескерту: банк карталарын ешкімге бермеңіз, белгісіз адамдардан ақша алмаңыз, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыз, балалардың қауіпсіздігін қадағалаңыз.
Мемлекеттік гранттар және жұмысқа орналастыру
2025 жылы Шымкентте 432 адамға қайтарымсыз грант берілді. Соның ішінде ІІІ лег бойынша 99 адамға грант беріліп, әртүрлі бизнес-жобаларды іске асыруға мүмкіндік берілді: мал шаруашылығы, қызмет көрсету, кондитерлік өнімдер, тігін өнеркәсібі, өндіріс және басқа салалар.
Сонымен қатар, 18 қараша күні сағат 14:00-де «Көрме орталығында» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, тұрғындар бос орындармен таныса алады.