Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Нұрғиса» атты хореографиялық спектакльді көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қойылым ұлт рухын асқақтатқан тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын би тілімен көркем бейнелейді. «Нұрғиса» хореографиялық спектаклі – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкіліне арналған сахналық ескерткіш әрі театр репертуарындағы таңдаулы туындылардың бірі.
Спектакльдің басты мақсаты – ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылығын дәріптеу және жас ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттау.
Сахналық туындыда композитордың 30-дан астам шығармасы орындалып, «Кел, еркем, Алатауыма», «Көш-керуен», «Алатау», «Куә бол», «Ата толғауы» сияқты танымал туындылары би пластикасы арқылы жаңаша өрнектеледі.
Музыкалық сүйемелдеу Қарағанды облыстық Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен жазылған.
Қойылым композитордың өмір жолын бес кезең бойынша баяндайды: «Дүниеге келуі», «Балалық шағы», «Жастық шағы», «Шыңдалу» және «Алып тұлға». Әр бөлімде Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылық ізденістері көркем пластика арқылы бейнеленеді.
«Наз» мемлекеттік би театры — Қазақстанда ірі хореографиялық спектакльдер қойған алғашқы кәсіби би театры. Театр ұлттық би өнерін дамытуға, дәстүр мен заманауи бағытты ұштастыруға айрықша үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта театр репертуарында 130-ға жуық би нөмірі мен 15 хореографиялық спектакль бар.
«Нұрғиса» хореографиялық спектаклі 1 қараша күні сағат 17:00-де «Наз» мемлекеттік би театрының ғимаратында (Көктал ш/а, Алмалық көшесі, 1) өтеді.