Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ХХ ғасырдың ұлы композиторларының бірі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Экспозиция Нұрғиса Тілендиевтің композитор, дирижер, Халық қаһарманы, қазақ музыкасының аңызы ретінде халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді. Оның есімі қазақтың ғана емес, бүкіл әлем мәдениетінің Алтын қорына енген.
Биыл Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО ұйымының Естелік күндер күнтізбесіне енгізілген.
Көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер ұсынылған. Атап айтсақ, сирек қолжазбалар, партитуралар, жеке заттары және Ахмет Жұбановқа сыйлаған аңызға айналған «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болып, анасына баласын музыка училищесіне беруге көндірген еді.
«Залға кіріп, жәдігерлерді көрген сәтте толқып кеттім. Бойымды мақтаныш кернеді. Алматы қаласы әкімдігіне және ЮНЕСКО-ға алғыс білдіремін. Әкем өте қарапайым, адамгершілігі мол жан болатын. Ол барлық шығармасын қазақ халқы мен туған жерге деген сүйіспеншілікпен жазды. Әкем көбіне музыканы түнде жазатын. Ол шығармаларын кәдімгі қаламмен, үлкен партитуралық қағаздарға қолмен түсіретін. Табиғи есту қабілеті соншалық – шығарманың толық сарыны санасында сайрап тұратын. Тіпті сол әуенді бірден қағаз бетіне түсіріп үлгеретін, – деді қызы, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.
Көрменің ашылу рәсіміне ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері, Париж тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ Францияда тұратын отандастарымыз қатысты. Көрме ЮНЕСКО штаб-пәтерінде 2025 жылдың 19 маусымына дейін жалғасады.
«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы қазіргі қазақ болмысының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Ол халқымыздың рухани жадынан қуат ала отырып, заманауи әлемге де ашық болды. Оның шығармашылығы біз барлық мәдениеттен іздейтін құндылықты – түрлі элементтердің үйлесімін көрсетеді. Бір ғана нота әдемі болуы мүмкін, бірнеше нотаның үндестігі ғана нағыз гармония тудырады. Дәл сол сияқты, әртүрлі дауыстарға құрметпен қарап, біз шын мәнінде мағыналы дүниені бірге жасай аламыз. Бұл ЮНЕСКО-ның басты миссиясы: мәдениеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастық арқылы бейбітшілікті нығайту», – деді ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне.
Көрме аясында қазақ және басқа да түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары ұсынылды. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме экспозициясы композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.
«Бұл іс-шара қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет. Бұл - түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі», - деді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Көрмені Алматы қаласы музейлер бірлестігі Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілдігінің және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен ұйымдастырды. Жоба қазақ халқының музыкалық мұрасын халықаралық аренада насихаттауға бағытталған және «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған тұлғаның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді.
«Нұрғиса Тілендиев - ән, күй, романс, опера, балет, кантата, поэма сынды жанрларды қатар меңгерген, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы. Бүгінде Алматыда Тілендиевтің мемориалдық музейі жұмыс істейді. Ескерткіш те орнатылған. Сондай-ақ, биыл Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры композитордың 100 жылдығына орай арнайы спектакль ұсынбақ. Жалпы Париж төріндегі көрме әлемдік қоғамдастықтың қазақ халқының рухани құндылықтарына көрсеткен терең құрметінің белгісі. Бұл жұмыс жалғасын табады», - деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің басшысы Алтынай Әлімханова.
Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыка өнерінің аса ірі қайраткері, ұлттық өнердің алтын қорына енген 500-ден астам шығарманың авторы. Ол 50-ден астам драмалық қойылым мен 20-ға жуық көркем фильмге музыка жазған. 12 жасында оркестрдің концертмейстері болып тағайындалып, 14 жасында бас дирижердің көмекшісі болған. Ол Салауаткерейдің шәкірті Науша Бөкейхановтың тәжірибесін бойына сіңіріп өскен.
1943 жылы Тілендиев майданға аттанған. Соғыстан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары бөлімін бітіріп, Мәскеуге барып, жергілікті консерваторияда білімін жалғастырған. Тілендиев бұл оқу орнына түскен тұңғыш қазақ еді.
«Алматы әкімдігінің қолдауымен Оңтүстік Корея, Түркия, Венгрия, Сербия, Италия, Аустрия және Чехия сияқты елдерде көрмелер өткіздік. Ал алғаш рет Францияда көрме ұйымдастырып отырмыз, ол Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Үлкен құрмет пен орасан еңбектің нәтижесі. Біз Алматыда Тілендиев музейінің жаңа экспозициясын жасақтап жатырмыз. Біз ұлы маэстроның мұрасын жаңаша қырынан танытып, түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіп, оның мұрасын жас буынға таныстырамыз», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
Нұрғиса Тілендиев - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері, сондай-ақ өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болған қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы.
