Жыл сайын 29 қазанда Қазақстанда Қамқоршылар күні аталып өтеді.Осыған орай елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз қамқорлығына алған жандарға арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде елордада 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала қамқоршылар отбасында тәрбиеленіп жатыр. 600-ден астам қамқоршы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының атынан алғыс хат алды. Сондай-ақ іс-шараға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана филиалының төрағасы Күзембай Бекдайыр қатысып, қамқоршыларды мерекемен құттықтады.Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат – балаларды мүмкіндігінше отбасында қалдыру немесе жақын туыстарына беру. Егер бұл мүмкін болмаса, балалар кандидат қамқоршыларға орналастырылады.
Қазіргі таңда елордада балаларды отбасыларға орналастырудың бірнеше түрі бар: қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық және кәсіби қабылдаушы отбасылар. Соңғысы заңнамадағы жаңа өзгерістермен енгізіліп, балаларға тұрақты отбасына дейін үй жағдайында өмір сүруге мүмкіндік береді. Кандидаттар міндетті түрде қабылдаушы ата-аналар мектебінен психологиялық дайындықтан өтеді. Жақын туыстары үшін бұл талап рәсім аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде орындалуы мүмкін. Әрбір үміткердің құжаттары, денсаулығы және соттылығы тексеріледі.Ерекше оқиғалардың бірі – қызының балаларын қамқорлығына алған елорда тұрғынының батырлығы. Оның айтуынша, күйеу баласы немересінің бүйрегін қара базарда сатпақ болған. 2023 жылы ол ресми түрде қамқоршылық рәсімдеп, немерелерін өз тәрбиесіне алған. Бүгінде үлкені инновациялық лицейде оқиды, ал қалғандары өз қызығушылықтарына сай дамып келеді.
Бұл оқиға — Астанадағы қамқоршылардың батылдығы мен адамгершілігінің айғағы. Олар балаларға махаббат пен қауіпсіздік сыйлап, олардың бақытты болашағына жол ашады.