Павлодар облысында заңсыз сақталған 11 атыс қаруы тәркіленді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысында атыс қаруы мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымын анықтау, сондай-ақ ұрланған және жоғалған қаруларды іздестіру мақсатында республикалық "Қару" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері шара аясында шаруа және фермер қожалықтарын, мал айдау учаскелерін, сондай-ақ автокөліктерді тексеріп, заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: атыс қаруын өз еркімен тапсырған азамат заңсыз сақтау дерегі үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар заңсыз сақталған қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды ақылы түрде өткізуге ниет білдіргендер кез келген полиция бөліміне өтінішпен жүгіне алады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз қару айналымының алдын алу.