5 қаңтарда Талдықорған қаласындағы саяжайлардың бірінде, Қаратал өзенінің астындағы көпірдің маңында криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары барысында қару-жарақ жасырылған орын табылды. Ол жерден 14 патроны бар Калашников автоматы мен 8 патроны бар Макаров тапаншасы тәркіленді. Бұл қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару болатын, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Атыс қарулары қоғам үшін ерекше қауіпті. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі және ерекше бақылауда, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
2022 жылдың басынан бастап қабылданған шаралармен 7 877 түрлі қару, 816 граната және 110 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
2024 жылдың соңында заңсыз айналымнан екі мыңнан астам түрлі қару тәркіленді, оның ішінде 1 764 дана атыс қаруы, 274 дана травматикалық қару, 87 граната және 19 мыңнан астам әр түрлі калибрлі оқ-дәрі бар. Сонымен қатар 21 заңсыз қару жасырылған орын табылды.
Ағымдағы жылдың басынан бастап бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып, нәтижесінде 24 дана атыс қару тәркіленді.