«Арғымақ» ат спорттық-сауықтыру кешенінде көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлерін – Астана қаласының спортшыларын ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
4-11 қазан аралығында Шымкент қаласында өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XXIV чемпионатында астаналық команда 13 жыл үзілістен кейін қайтадан жүлдегерлер қатарына қосылды.Биылғы бәсекеде 15 команда бақ сынады. Елорда өкілдеріне дода оңай соққан жоқ. Топтық кезеңде олар Қостанай облысын және былтырғы қола жүлдегер әрі фаворит саналатын Түркістан облысын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда ел чемпионы – Жамбыл облысынан 0:4 есебімен ұтылса, үшінші орын үшін өткен кездесуде Қызылорда облысын 3:2 есебімен жеңіп, қола жүлдені иеленді.
Айта кетсек, 2012 жылы Өскеменде өткен Қазақстан чемпионатында дәл осы құрам финалда Жамбыл облысын 8:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған еді. Сол кездесуде команда сапынан Арслан Қабжанов алты салым салса, Александр Пупенко мен Бауыржан Айтмағамбетов бір-бір салымнан енгізген болатын.
Елорда командасының жетістігіне үлес қосқан маңызды факторлардың бірі – «Саян» атты сәйгүлік. Бұл ат чемпионаттың «Үздік жекпе-жек аты» атағына ие болды. Сондай-ақ, жасы 50-ге таяған тәжірибелі көкпаршы Қазбек Амангелдиновтің де еңбегі зор.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болғаны үшін Астана құрамасына 2 250 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды.