Астана қаласында жас инженерлерге арналған «TWO BRIDGES ENU» атты ашық модельдік кемелер жарысы өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының және Қазақстанның кеме үлгілеу спорты федерациясының қолдауымен өткізілген шарада 8 команда өзара бақ сынасты. Жарысқа Астана, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 10-17 жас аралығындағы 40 жас инженер қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Модельдік кемешілер өздерінің ерекше қолөнер туындысы – авторлық кемелерін суға түсіріп, бірнеше аталым бойынша шын мықтыны анықтады. Бұл бастама жас ұрпақтың инженерлік-техникалық білімін жетілдіріп, шығармашылық әлеуетін арттыруға әрі ерте жастан кәсіби бағдар алуына мүмкіндік береді.
«Бұл спортпен айналысып жүргеніме 15 жыл болды. Содан бері оқушыларыма кеме жасаудың қыр-сырын үйретіп келемін. Қазір техникаға аса мән беретін уақыт. Қашықтықтан басқаратын аппараттар қажеттілігі туып тұр. Осы мақсатта балаларды техникаға және техникалық мамандықтарға баулып жүрмін. Шәкірттерімді модельдік кемелер додасына жиі алып шығамын. Әр жарыста сан қырлы модельдерді көріп, тәжірибе жинақтаймыз. Оның барлығын тек қарап қоймай, іс жүзінде көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Барлығына сақадай сай болып, тас түйін дайындықпен келдік», – дейді БҚО Теректі ауданы балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы Манас Исмағұлұлы.
Алғашқы номинация ережесі бойынша су бетіне бірнеше кедергілер орнатылып, олардың арасынан қақтығыссыз өту керек болды. Екінші бағытта су бетінде жылдамдықпен жүріп, белгіленген уақыт ішінде бірнеше айналым жасап үлгеру. Одан кейінгі кезекте қайыққа байланған шарларды жарып, өз шарыңды сақтап жеңімпаз атану.
Бүгінгі сайыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Қарағанды оьлысы, екінші орынды Батыс Қазақстан облысы иемденсе, тұғырдың үшінші сатысынан Қостанай облысының командасы көрінді.