Көлік полицейлері тәртіп бұзған екі жолаушыны әуе рейсінен түсірді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуе кемесі командирінің актісімен "Астана-Ақтөбе" бағытындағы рейстен ақтөбелік 38 және 40 жастағы екі тұрғынды түсірді. Тексеру барысында полицейлер ер адамдардың ұшаққа отырғызу кезінде масаң күйде болып, өздерін агрессивті ұстап, экипаж талаптарын орындамай, тіпті әуе компаниясы қызметкерлерін балағаттағандарын анықтады. Оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде құқық бұзушылар билік өкілдерінің заңды талаптарына қасақана бағынбағандықтан, полицейлер оларға арнайы құрал, яғни, қол кісенін қолдануға мәжбүр болды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша хаттама толтырылды.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе рейстерінде жасалған түрлі құқық бұзушылықтар үшін 447 адамды жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде: 270-і —қоғамдық орындарда масаң күйінде келу, 120-сы — ұшақ бортында темекі шегу, 26-сы — ұсақ бұзақылық, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да құқыққа қайшы әрекеттер.