«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акция аясында елордада алғашқы Эко-Хаб жұмысын бастады. Бұл бірегей жоба әрбір қала тұрғынына қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға, қалдықтарды қайта өңдеу жайында жан-жақты ақпарат алуға және экологиялық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа Эко-Хаб Шаймерден Қосшығұлұлы көшесі, 8/1 мекенжайында орналасқан. Ол дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жоба аясында тек қайталама шикізатты қабылдау ғана емес, сонымен қатар шеберлік сабақтарына, білім беру іс-шараларына және шығармашылық белсенділіктерге қатысуға болады. Мұнда пластик, алюминий мен макулатура тапсырып, қайта өңделген қақпақтардан бұйымдар жасауға арналған шеберлік сабақтарына қатысуға, велошредерді байқап көруге және қарапайым қалдықтардың пайдалы заттарға айналу процесін көруге мүмкіндік бар.

Келушілердің ыңғайлылығы үшін хабта қалдықтарды бөлек жинауға арналған бес арнайы жәшік қойылған: пластик пакеттерге, алюминий құтыларға, қағазға, пластик бөтелкелер мен қақпақтарға және өзге пластик бұйымдарға.Бұл тәсіл материалдарды бірден сұрыптауға және әрі қарай қайта өңдеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Эко-Хабта қалдықтарды өткізіп қана қоймай, олардың қайта өңделгеннен кейін қалай жаңа өмірге ие болатынын көруге болады. Мәселен, пластик қақпақтар мен бөтелкелерден кілт салғыш, телефонға қойғыш, интерьер элементтері және тіпті үстелдің беті жасалады. Жобаның Астанадағы жетекшісі Айгерім Жарылғапованың айтуынша, хабтың мақсаты – тек қана екінші шикізатты қабылдау емес, сонымен бірге тұтынудың жаңа мәдениетін қалыптастыру және қалдықтарға деген көзқарасты өзгерту.
Жоба ECO Network ұйымының бастамасын жалғастырып отыр. Бұл ұйым 2016 жылдан бері Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамыту бағытында жұмыс істеп келеді.
Жоба аясында пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды қабылдайтын фандоматтар да енгізілуде. Әрбір өткізілген зат үшін 2 теңге есептеледі: қаражатты картаға аударуға немесе қайырымдылыққа жіберуге болады. Сонымен қатар «экокоиндер» жүйесі іске қосылған. Бұл – қаладағы кофеханаларда саналы таңдау жасағаны үшін берілетін ынталандырушы валюта. Егер тұтынушы бір рет қолданылатын қағаз ыдыстың орнына жеке көп мәртелік шыныаяғын пайдаланса, ол экокоин алады. Бұл шағын сыйақы тұрақты әдеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Жобаны жүзеге асырушылар бастаманы кеңейтіп, елордада кемінде алты осындай хаб ашуды жоспарлап отыр. Олар тұрғын үй алаптарының жанында және оқу орындарының қасында орналасатын болады. ECO Network жоғары оқу орындары мен мектептермен бірлесе отырып, көшпелі шеберлік сабақтарын өткізуге және тұрақты өмір салты қағидаларын білім беру процесіне енгізуге кірісті.