Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана филиалының мамандары Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығында МӘМС-ке қатысты жаңа өзгерістерді кеңінен түсіндірді. Оған елорда тұрғындары мен дәрігерлер қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, енді соңғы бес жылда тұрақты төлем жасаған азаматтар уақытша жарна төлемей қалса да, сақтандырылған мәртебесін алты айға дейін сақтап қала алады. Бұған дейін бұл мерзім үш аймен шектелген еді. Аталмыш азаматтарды қиын жағдайда да медициналық көмексіз қалдырмауға бағытталған қадам. Сонымен қатар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетілетін қызметтердің тізімі кеңейді. Яғни, онкологиялық ауруларға скрининг, туберкулез, АИТВ, вирусты гепатит, бауыр циррозы, онкологиялық, психикалық, сирек кездесетін аурулар, инфаркт пен инсульт бойынша кеңес беру мен диагностика тегін көрсетіледі.
Жиынға қатысқан азаматтар сақтандыру мәртебесін тексеру жолдары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарна төлеу тәртібі, пациенттердің шағымдарын қарау және медициналық қызмет сапасына қатысты сұрақтарға толық жауап алды.Қор мамандары мұндай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, халыққа медициналық сақтандырудың артықшылықтарын түсіндіріп отыратынын айтты.