Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қамтылған азаматтардың саны 1 миллионнан асты. Бұл — қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы сақтандырылған деген сөз, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазіргі таңда 700 мыңнан астам тұрғын жеңілдік санатындағы азаматтар қатарына жатады, олардың жарнасын мемлекет төлеп отыр. Алайда қалада әлі де 237 мыңнан астам адамның сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астамы — әлеуметтік осал топтағы азаматтар.
«МӘМС туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, енді тұрақты түрде 5 жыл бойы жарна төлеп келген азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда 6 ай бойы сақтандыру мәртебесін сақтап қала алады. Бұған дейін бұл мерзім небәрі 3 ай болатын. Дегенмен, сол кезеңдегі жарна қарызы кейіннен өтелуі тиіс. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар үшін жарнаны жергілікті бюджет өтейді», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.
Жыл басынан бері Шымкентте МӘМС аясында 1,8 миллиард теңгеден астам қаражатқа 500-ге жуық жоғары технологиялы операция жасалған. Оның ішінде кардиохирургия және нейрохирургия салаларындағы күрделі әрі қымбат операциялар да бар. Жалпы, жыл соңына дейін қалада 1500-ге жуық осындай операцияны қаржыландыру жоспарланып отыр. МӘМС жүйесіне қатысты өзгерістер 2026 жылдан бастап одан әрі кеңеймек. Онкологиялық скринингтер енді Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) өтеді. Бұл – сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға тегін болады деген сөз. Сондай-ақ, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға арналған тегін тексерулер тізіміне 2026 жылдан бастап созылмалы вирусты гепатиттер, бауыр циррозы, психикалық бұзылыстар, қатерлі ісіктер, инсульт және миокард инфарктіне күдік туындаған жағдайлар қосылады. Бұл кезде консультативтік-диагностикалық қызметтер де тегін көрсетіледі.
Келесі жылдан бастап МӘМС базалық пакетіне амбулаторлық диализ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша динамикалық бақылау, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек түрлері де енгізіледі.
Жыл басынан бері Шымкент қаласында 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. 137 мыңнан астам тұрғын стационарлық ем қабылдаса, оның 120 мыңы МӘМС есебінен емделген. Ал 18 мыңға жуық адам күндізгі стационар қызметін пайдаланған.