City Transportation Systems (CTS) компаниясы Астанадағы жылжымайтын мүліктерін, соның ішінде жер телімдерін, ғимараттарды және аяқталмаған құрылыс нысандарын аукционға шығарады. Түскен қаражат жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын аяқтауға жұмсалатыны хабарланды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аукцион осы айда өтпек. Саудаға шығарылған лоттардың толық тізімі e-qazyna.kz сайтында жарияланған. Онда CTS-тің иелігіндегі ондаған түрлі актив көрсетілген.
Мәселен, 9 қыркүйекте Нұра ауданындағы жер телімі бойынша аукцион ұйымдастырылады. Бастапқы баға – 337 710 279 теңге. Сол күні Бөкейхан көшесінде орналасқан аяқталмаған тұрғын үй кешені Birlik House бойынша да сауда өткізіледі. Оның бастапқы құны – 3,28 миллиард теңге. Бұл ретте баға тек көтеру арқылы анықталмақ.
Аукционға Нұра, Сарыарқа және Есіл аудандарындағы бірнеше жер учаскесі қойылған. Олардың бағасы мен аумағы әртүрлі. Кейбір лоттар бойынша сауда 3-4 қыркүйекке белгіленген. Соның ішінде Есіл ауданындағы бастапқы бағасы 17 187 222 теңге болатын нысан бар.
CTS бұл мүліктердің компания қарамағына қалай өткені жөнінде түсініктеме берді:
"Азаматтық кодекстің 341-бабына сәйкес, City Transportation Systems ЖШС-не міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілді. Талап ету құқықтарын беру арқылы берешекті өндіріп алу аясында серіктестік қарызды өтеу үшін мүлікті қабылдады, ол саудаға шығарылды", – делінген ресми хабарламада.
Компания өкілдерінің айтуынша, егер нысандар бірінші ретте сатылмаса, олар қайтадан аукционға қойылады.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы республикалық бюджеттен LRT жобасына Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен 332,4 миллиард теңге бөлінетіні мәлім болған. CTS түсіндіргендей, лоттарды сатудан түсетін қаражат қосымша қаржыландыру ретінде қарастырылғанымен, жоба толықтай осы сауда нәтижесіне тәуелді емес.