Астанадағы «Тарлан» спорт кешенінде пара хоккейден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Алты команда үздік дивизионға жолдама үшін сынға түсуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарысқа Қазақстан, Жапония, Швеция, Италия, Франция және Финляндия құрамалары қатысуда. Ережеге сәйкес, әр команда бес ойын өткізіп, барлық қарсыласымен кездеседі. Екі үздік құрама «А» дивизионына жолдама алады, ал соңғы орынды иеленген команда «С» дивизионына түседі.Айта кетейік, «В» тобы арасындағы әлем чемпионаты Астанада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін дәл осындай турнир 2023 жылы өткен болатын. Халықаралық пара хоккей федерациясының техникалық делегаттар жетекшісі Питер Андерссонның айтуынша, осы чемпионаттың үздік командалары Паралимпиадаға жолдама үшін іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алады.
Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Турнир ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстанның Ұлттық паралимпиадалық комитетінің, Sport Qory қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылып отыр.