Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді көздейтін "Табиғи монополиялар туралы" заңға енгізілген түзетулер күшіне енді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі осы заңды іске асыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы биыл қыркүйектен бастап артады. Ел бойынша сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсететін 25 мыңнан аса қызметкердің жалақысы өседі. Аймақтарға байланысты және ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес еңбекақы орта есеппен 35-50%-ға көбейеді", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұл түзетулерді әзірлеу былтыр басталған болатын. Биыл маусымда заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.