Шымкент қаласында 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамытуға арналған кешенді бағдарлама бекітілді. Бұл — Қазақстанда алғаш рет дайындалған осындай көлемді әрі жүйелі құжат. Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының бірлескен жұмысының нәтижесі ретінде ұсынылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарламаның басты мақсаты — денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде білікті мамандарды тарта отырып және мейіргерлік қызмет аясын кеңейте келе, сапалы әрі тиімді медициналық көмекті барша халыққа қолжетімді ету.
«Бағдарлама аясында жаңа емдеу мекемелері мен заманауи клиникалар салынады. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жаңа перинаталдық орталық, 2 көпбейінді аурухана мен 5 емхана салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жұқпалы емес ауруларды ерте анықтау, скринингтер енгізу, салауатты өмір салтын дәріптейтін білім беру жобаларын іске асыру және COSI, HBSC, GATS секілді халықаралық зерттеулерді жүргізу қолға алынады», -делінген баспасөз қызметінің хабарында.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында барлық жоспарланған мектептерде 87 стоматологиялық кабинеттер ашылады, әйелдердің жүктілікке дейінгі дайындық жұмыстары күшейтіледі. Пациенттерге сапалы әрі жедел көмек көрсету үшін 12 түрлі бағытта 31 құзыреттілік орталығы, 2 скрининг орталығы және 2 амбулаториялық онкологиялық көмек көрсету орталығы жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы ситуациялық орталық құрылып, еліміздегі жетекші ғылыми мекемелермен әріптестік туралы келісімдер жасалды. Бұл — жоғары технологияларды енгізуге, күрделі операцияларды жергілікті жерде жүргізуге және медициналық туризмді дамытуға жол ашады.
Бағдарламада аясында Шымкент қаласы 2026 жылдың бірінші тоқсанында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» еуропалық желісіне қосылады деп жоспарланып отыр. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін әртүрлі көздерден қаржыландыру көзделген. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 600 миллиард теңгені құрайды.
Кешенді жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Шымкентте тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 79,1 жасқа дейін ұлғайып, салауатты өмір салтын ұстанатын халық үлесі 60%-ға дейін артады деп күтілуде. Сондай-ақ, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 80%-ға жетеді. Бұл бастама — тұрғындарға бағытталған тиімді, қолжетімді және заманауи медициналық жүйе құру жолындағы маңызды қадам болмақ.