2025 жылғы 26-27 шілде күндері Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы, Сұлукөл ауылында республикалық ауқымдағы маңызды оқиға – «Agrofest Batys – 2025» мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, заманауи жетістіктермен және тиімді тәжірибелермен бөлісу, саланың дамуына серпін беретін ортақ шешімдерді ұсыну, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілері арасында өзара іс-қимылды нығайту.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен ауыл шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары, агросекторда қызмет көрсететін ұйымдар мен мекемелердің өкілдері, ауыл шаруашылығы техникалары, тұқым, тыңайтқыш және пестицид өнімдерін өндірумен және таратумен айналысатын ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ тәжірибелі фермерлер мен мал шаруашылығы мамандары, шығармашылық зиялы қауым мен ұлттық спорт өкілдері қатысуда.
Agrofest – бұл тек өнімдер мен техникалардың көрмесі ғана емес. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы білім мен тәжірибе алмасудың, өзекті мәселелерді саралап, жаңа идеялармен танысудың маңызды алаңы.
Көрме аясында келесі бағыттар қамтылған:
- озық агротехнологиялар мен цифрлық шешімдер презентациясы;
- аграрлық саладағы стартаптар мен инновациялық жобаларды таныстыру;
- кәсіби шеберлік сабақтары мен оқыту семинарлары;
- тақырыптық пікірталастар;
- салааралық іскерлік кездесулер мен серіктестік келіссөздер.
Көрме барысында қатысушылар өңірлік даму стратегиялары, агроинновациялар және ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа тәсілдері бойынша пікір алмасып, салааралық ынтымақтастықтың болашағын айқындайды. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жол ашады.
Агрофест – ауылдық өңірлердің әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығының болашағын қалыптастыруға ұмтылатын жаңа буын мамандары үшін бірегей кәсіби алаң болып табылады. Мұнда әр қатысушы өз саласының үздіктерімен тікелей пікір алмасып, жаңа серіктестіктер орната алады.
Agrofest Batys – 2025 – бұл ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық прогрестің, кәсіби тәжірибе мен серіктестіктің тоғысқан нүктесі.