"СҚ-Фармация" ЖШС-ға жаңа басқарма төрағасы тағайындалды. Бұл қызметке Нұрлыбек Асылбеков кірісті, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Нұрлыбек Асылбеков бұл қызметке тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасын басқарған.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі "СҚ-Фармация" ЖШС-нің бұған дейінгі басшысы Еркен Жақатай жұмыстан шығарылғанын хабарлаған жоқ. Алайда ақпарат әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кейбір мәліметтер бойынша Еркен Жақатай басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған.
"СҚ-Фармация" ЖШС - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі дәрілер мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы. Компания елдегі медициналық мекемелер үшін дәрі-дәрмектерді сатып алады, сақтайды және тасымалдайды.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қылмыс белгілері барын айтып, "СҚ-Фармация" басшылары жай ғана жұмыстан босатылғанына күмән келтірді. Депутат арыз жазуға уәде беріп, оларды Антикор, ҚМА және Бас прокуратураға тапсыруды талап етті.
Кеше ол "СҚ-Фармация" ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты Бас прокуратураға арыз түсірді.