Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысында осы сипаттағы құқықбұзушылықтармен күрес шаралары, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы сараланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Е.Саиров еліміздегі жемқорлық дерегі кең тараған салаларға шолу жасады. Сондай-ақ, Шымкентте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын алдын алу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Білім саласындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету әдістері ұтымды екеніне тоқталды.
«Мәслихаттағы партия фракциясының 21 депутаты бағдарламаның нақты тармақтары бойынша бекітілген. 2024 жылға жоспарланған 95 тапсырманың 90-ы орындалды. 1,3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 608 адам пәтермен қамтамасыз етілді. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы бойынша тағы 347 азамат баспаналы болды. 6600 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 44 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініші оң шешімін тапты. Бұл бағдарламаның тиімділігін көрсетеді», - деді Ғ. Сыздыбеков.
