ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Үкімет отырысында демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2029 жылға дейінгі Жол картасы әзірленгенін атап өтті. Бұл құжатта 7 бағыт бойынша 29 іс-шара қарастырылған. Ішкі туризмді насихаттау мақсатында балалар авиабилеттерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шарасы Kids go Free қолданылады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 5,6 мыңнан астам бала тегін әуе сапарларының мүмкіндігін пайдаланды.
Министрлік кәмелетке толмаған жолаушыларды алып жүруге құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл тізімдегі қатысушыларды ұлғайтуға мүмкіндік береді.Биыл осы бағдарлама аясында 3 мың баланы қамту жоспарланып отыр.
Жергілікті атқарушы органдармен және турбизнес субъектілерімен бірлесіп балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді насихаттау және дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Мысалы, Астана әкімдігі жыл сайын әр өңірден жиналған 1000-ға жуық баланы қамти отырып «Астана – Отанымның Елордасы» әлеуметтік жобасын іске асырып келеді. Тур бағдарламасына тұру, тамақтану, ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастыру кіреді. Туристік қоғамдастықпен бірлесіп арнайы туристік маршруттар әзірленді. Ол мәдениет, тарих және дәстүрмен танысуға, сондай-ақ оқушылар мен студенттердің ой-өрісін кеңейтуге бағытталған», — деп атап өтті Ержан Еркінбаев.
Жұмыстың келесі бағыты балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау болып саналады.
Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған Президент тесттері, «Kapshagai kids Trophy» республикалық футбол турнирі, сондай-ақ ауыл мектептері арасында «Ауыл спорты» кешенді жарыстары, ауыл балалары арасында футболдан «Halyk OPEN CUP» республикалық турнирі өтеді.
Балалардың бос уақыты мен спорттық дайындығы үшін «Қолжетімді спорт» және «Аула Фит» жобалары табысты іске асырылуда.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Оған 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер тегін қатысады. Бұл бағдарлама жазғы демалыс кезінде жүзеге асырылады.
«Республиканың барлық өңірінде Балаларды қорғау күніне және Спорт күніне арналған халық арасында спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шаралары өтеді. Сонымен қатар жыл сайын жалпы білім беретін мектептер арасында 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп спорт лигасы өткізіледі», — деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде жыл бойы 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 406 мыңнан астам бала түрлі спорт түрлерімен айналысады. Сондай-ақ жалпы саны 6,5 мыңнан астам баланы қамтитын олимпиадалық резервтегі 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бар. Аталған мекемелердің тәрбиеленушілері үшін жазғы уақытта спорттық және спорттық-сауықтыру лагерлері ұйымдастырылатын болады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінетіні атап өтілді. Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттағы талантын дамытуға әрі ынтасын арттыруға арналған іс-шаралар өткізілетін болады. Мәселен, жазда спорттың 7 түрі бойынша «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарының өңірлік іріктеу жарыстары жалғасады.
Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас үміт» республикалық турнирі, жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты, 2012-2013 жылы туған балалар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының біріншілігі, жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты жоспарланған.
«Іс-шараларды өткізу кезінде барлық мүдделі тараппен бірлесіп қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданатын болады. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы аясында жергілікті атқарушы органдармен «Балаларды автокөлікпен тасымалдау қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында кеңес өткізілді. Спорт федерациялары мен өңірлік басқарма мәдениет және спорт саласындағы ұйымдардың балаларды қауіпсіз тасымалдауы бойынша суреттерден тұратын әдістемелік ұсынымдар жолдады. Бұл жобалар мен іс-шаралар балалар мен жасөспірімдерге жазғы демалысты алуан түрде өткізуге ғана емес, сонымен қатар белсенді өмір салтын сақтауға, сондай-ақ білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізетіндігіне сенімдімін», — деп атап өтті Ержан Еркінбаев.