Астанадағы Триатлон саябағында «Жаттығу» әлеуметтік жобасы қайта іске қосылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спорттық жобаны Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Дала Қырандары» жастар бірлестігі ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Қазақстан жастарын біріктіретін маңызды бастама.«
Бұл – «Дала Қырандары» жастар бірлестігінің авторлық жобасы. Мұнда ауладағы спорт алаңдарын қалпына келтіру арқылы жастардың бойында жауапкершілік, еңбекқорлықты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында жастар ауладағы спорт алаңдарының жағдайына назар аударып, аула тазалау, спорт алаңдарын жөндеу, спортшылардың қатысуымен ашық жаттығу өткізу және т.б. қоғамдық жұмыстарға атсалысады.
Бүгін іс-шара барысында ауладағы спорт алаңында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіби спортшылардың қатысуымен ашық спорттық жаттығу өтті. Осылайша «Дала Қырандар» жастар бірлестігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, оны еліміздің экологиялық және әлеуметтік ортасын жақсарту жолындағы маңызды бағыт деп есептейді.Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – еңбекке баулитын, жергілікті патриотизмді күшейтетін және нақты өзгерістер өз аулаңдағы қарапайым істерден басталатынын дәлелдейтін жоба.