Қазақстан Ұлттық банкі банктер мен ақша айырбастау пунктеріне алтын құймаларды сатуды уақытша тоқтатты. Бұл туралы ресми сұрауға берген жауапта айтылған, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандағы ақша айырбастау пунктерінде аффинирленген алтын құймалары таусылды, деп мәлімдеді Ақша айырбастау пунктері қауымдастығының басшысы Арчин Ғалымбаев.
Ұлттық банктің баспасөз қызметі жауабында құйма дайындау – бұл өндіру, логистика және сату үдерістерінен тұратын көпсатылы процесс екені және бұл белгілі бір уақытты талап ететіні айтылған."Қазіргі уақытта өндірістік-логистикалық циклдің ерекшеліктеріне байланысты Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ақша айырбастау пунктерінің аффинирленген алтынның өлшемді құймаларын сатып алу бойынша өтінімдерін уақытша орындамай отыр.
Екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау пунктерінің өтінімдері өлшемді құймалар Ұлттық банктің филиалдарына түскен жағдайда белгіленген тәртіп бойынша қаралады", – делінген жауапта.
Ұлттық банк балама ретінде өздерінің өңірлік филиалдары арқылы комиссиясыз алтын мен күмістен жасалған инвестициялық монеталарды да сатып алуға болатынын атап өтті.
Сонымен қатар банктер мен ақша айырбастау пунктері қаптамасы бүтін болған жағдайда азаматтардан алтын құймаларын сатып алып, қайта сатуға мүмкіндігі бар.
"Өлшемді құймалар 2025 жылдың II тоқсанының аяғында келіп түседі деп күтіледі", – делінген Ұлттық банктің жауабында.