Павлодар облысында құрылыста заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер ұсталды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицейлер Аққулы ауданының Шарбақты ауылында заңсыз еңбек қызметін тоқтатты. Мұнда 6 шетелдік азамат ауылдық мектептердің бірінде құрылыс жұмыстарын атқарған. Шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ тұлғаның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырылып, процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар заңсыз мигранттарды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған 14 факт тіркелді. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді заңсыз тартудың 241 фактісі анықталды. "Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін заң бойынша жауап береді.