Жылдың алғашқы үш айында ұландықтардың көмегімен заңсыз айналымдағы 82 бірлік суық және атыс қаруы, сонымен қатар оқ-дәрілер анықталды. Сондай-ақ жалпы салмағы 322 грамм болатын есірткі заттары тәркіленді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әскери қызметшілердің арқасында ата-анасынан адасып, мекен жайдан жаңылған 15 бала жақындарына табысталды. Ұландықтардың қатысуымен 11 өрт сөндіру және адамдарды құтқару фактісі тіркелгенін де атап өткен жөн. Әскери жасақ жауынгерлері 45 адамның жоғалған заттарын тауып, 91 смартфонды иелеріне табыстады. Жауынгерлік қызмет барысында сарбаздар жүрек талмасы мен демікпесі бар адамдарға, жол-көлік апатына ұшыраған жандарға немесе өзіне-өзі қол жұмсамақ болғандар мен суға батқан кісілерге дер кезінде көмек көрсетіп жатады. Үш айдың ішінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 21 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұдан бөлек, түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген 4 938 азамат ішкі істер органдарына жеткізілген. Олардың 194-і қылмыстық белгілермен ұсталған. Осындай нәтижелі қызмет барысында белсенділік танытқан жауынгерлерге құрмет көрсетілді. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жылдың алғашқы тоқсанындағы қызмет қорытындысы бойынша бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.
Бұған дейін Астанада 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері өрт шыққан жатақханадан 60-тан аса адамды қауіпсіз жерге эвакуациялап, қауіптің алдын алған болатын.
Жалпы, мұндай мысалдар жетіп артылады. Жоғалған балаларды табу, бұзақылар мен қылмыскерлерді құрықтаудан бөлек, есірткі тасымалдаушыларды ұстауда, адам өміріне араша болуда ұландықтар кәсіби шеберліктерімен жиі көзге түседі. Жалпы, әскери борышын адал орындағаны, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қайсарлық танытқаны үшін республика бойынша құқықтық тәртіп әскерінің 57 жауынгері марапатталды. Олардың 52-сі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының алғыс хаттарын иеленсе, 5 сарбазға "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" кеуде белгілері табысталды. Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы сақшылармен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл міндетті атқаруға күн сайын әскер бойынша 8 мыңнан аса ұландық жұмылдырылады.