Текеліде тұрғынның қырағылығы мен полицейлердің жедел әрекеті жас жігіттің өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
31 наурыз күні Текелі қаласында жергілікті тұрғынның қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері 22 жастағы Тимур Абдулиннің өмірін сақтап қалуға көмектесті. Ес-түссіз жатқан жас жігіт қаладағы кешендердің бірінің жертөлесінен табылды. Кешкі уақытта үйіне қайтып келе жатқан қала тұрғыны "Жетісу Резорт" кешенінің маңында танысы Тимурдың көлігін байқап қалады. Онымен амандасқысы келген ол ішке кіріп, бірақ Тимурды таба алмайды. Телефонмен хабарласқанда да жауап ала алмайды. Алаңдаған ер адам іздеу жұмыстарын бастап, жертөлеге түседі. Сол жерде Тимурдың телефонын, кілтін және киімдерін көріп, әрі қарай өтіп, оны бояу қалдықтары бар кеңістікте ес-түссіз жатқан жерінен табады. Уақытты созбай, ер адам көшеге жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан патрульдік полиция көлігін байқап, көмекке шақырады. Бірден көмекке полиция қызметкерлері Азамат Қазыбаев, Елдар Амангельдин және Жанатбек Ахметов келіп, жедел әрекет етті. Олар зардап шеккен азаматты сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем көлігі жетіп, жас жігітті дәрігерлерге табыстады.
Қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматологы полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекет етуі Тимурдың өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Айта кетейік, тәртіп сақшысы Азамат Қазыбаев бұған дейін де батылдық танытқан. 2011 жылы ол Жапония мен Оңтүстік Корея делегациясын тасымалдаған автобусты Алматы – Көкпек – Көктал тасжолының 13-шақырымында үлкен апаттан құтқарып қалған. Сол кезде Азамат Қазыбаев өз патрульдік көлігімен жолды жауып, соққыны өзіне қабылдап, апаттың алдын алған болатын. Осы ерлігі үшін ол Мемлекет басшысының жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Жетісу облысының полиция департаменті бей-жай қарамай, азаматты құтқаруға көмектескен тұрғынға алғыс білдіріп, төтенше жағдайларда жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салады.