Алматы полициясы қылмыс жиі тіркелетін ойын-сауық орындарын анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі жариялаған профилактика жылы аясында Алматы қаласының Әуезов ауданында ойын-сауық мекемелерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Аудандық полиция басқармасының ұйытқы болуымен өткен жұмыс жиынына жергілікті ТЖД, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, дәмхана, бар, мейрамхана, клуб басшылары да қатысты.
– Ауданымызда 65 ойын-сауық нысаны жұмыс істейді, оның 16-да бұзақылық пен төбелес жиі болады. Өткен жылы онда 61 қылмыс тіркелген. Көптеген мекемелер тәжірибесі және тиісті лицензиясы жоқ мамандандырылған емес күзет ұйымдарының қызметіне жүгінеді. Күзетші келушілерді есіктен шығарып жібермей, орын алған жанжалды тоқтатып, тиісті түрде әрекет етуі маңызды, - дейді, Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ойын-сауық мекемелеріне мониторингті кеңірек көзқараспен жалғастыру, атап айтқанда, қылмыстың алдын алу және есірткіні сату жолын тоқтатуға баса назар аудару туралы шешім қабылданды.
– Ойын-сауық мекемелерінің иелеріне келушілер арасындағы қақтығыс жағдайларының туындау қаупін азайту, нысандарда лицензиясы бар секьюритиді міндетті түрде пайдалануды қамтамасыз ету, ойын-сауық мекемелері ішіндегі заңсыз әрекеттерді жедел анықтауға және оларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін ғимараттардың ішінде де, оған жақын аумақта да цифрлық бейнебақылау камераларын орнату және көбейту бойынша маңызды міндеттер жүктелді, - деді Данияр Меңдебаев.