Елорданың Пригородный елді мекенінде 3-10 жас аралығындағы балаларды білім мен өнерге баулитын жаңа орталық ашылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«AQYL Education» дамыту орталығында 10 жасқа дейінгі балалар базалық дағдылар мен шахмат, робототехника және ағылшын тілін тегін үйренетін болады.
«Бұл – әр балаға өз талантын ашуға және болашағы үшін маңызды дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін заманауи білім беру кеңістігі. Ұстаздарымыз – балалармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар. Олар әр оқушының қабілет-дарынын танып, оны дамытуға және оқыту процесін қызықты етуге бар күшін салады. Әр бағдарлама балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып жасалады. Кең, қауіпсіз және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу сыныптары балалардың білім алуға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын», - дейді «AQYL Education» балаларды дамыту орталығының директоры Гүлжан Орманова.
Мұнда 2 ауысымға 150 бала қабылданады. Мектепке даярлық тобынан бастап, оқушыларға арналған ұзартылған топ жұмыс істейді. Бүлдіршіндер үшін дене тәрбиесі, ойлау мен шағын моториканы дамыту сабақтары өткізіледі. Бұған қоса балалардың сөйлеу қабілетін жақсарту үшін логопед мамандар және психологтар көмек көрсетеді. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін шахмат, ағылшын тілі мен робототехника оқытылады.
«Балалардың тегін білім алуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан «Даму» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ата-аналарға қаржылық жүктемені азайтып, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Гүлжан Орманова.