Көлік полицейлері 2024 жылы 400 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаменті еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында есірткі қылмысына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытта кешенді шаралар қабылданып, нәтижелі іс-қимылдар жүзеге асырылуда.
2024 жылдың қорытындысы бойынша департамент қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 400 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 33 факті – есірткі сату, 23 факті – аса ірі мөлшерде сақтау, ал 9 факті – контрабандаға қатысты болды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 240 келіден асатын әртүрлі есірткі заттары тәркіленді.
Мысалы өткен жылдың жазында көлік полицейлері Шу қаласындағы теміржол тұйығы ауданында жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен Жамбыл облысының бұрын сотталған 18 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктіні және оның тұрғылықты жерін тінту барысында жалпы салмағы 17 келі 840 грамм болатын кептірілмеген марихуана, өсімдік тектес заттар қалдықтары, арнайы құрал-жабдықтар, соның ішінде елек тәркіленді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтаған. Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі тұлға сот шешімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.