ШҚО-да полицейлер 5 күн ішінде мас күйде көлік жүргізген 23 жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде Шығыс Қазақстан облысында полицейлер мас күйде көлік жүргізген 23 жүргізушіні ұстады.
Анықталған құқық бұзушылардың кейбірі бұрын да осындай әрекеттері үшін жауапқа тартылып, көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын. Алайда бұл шаралардың өзі кей жүргізушілерді тәртіп бұзудан сақтай алмады.
Ұсталғандардың масаң күйде көлік тізгіндеген себептері әртүрлі: бірі отбасылық жанжалдан кейін ащы суға жүгінсе, енді бірі жақындарын мерекемен құттықтауды желеу еткен.
Мысалы Предгорное ауылында ер адам Жаңа жыл мерекесімен сүйіктісін құттықтауға асығып, масаң күйде рөлге отырған. Ұқсас жағдай Серебрянск кентінде тіркелді: ер адам жұбайымен ұрысып, сол күйі көлік жүргізген. Ал Өскемен тасжолында туыстарына бара жатқан мас жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлігімен кюветке түсіп кеткен. Оған көмекке келген полицейлер жағдайды анықтап, тиісті шара қолданды.
ШҚО полиция департаменті көлікті масаң күйде басқарудың ауыр салдары туралы ескертеді. Мұндай әрекет үшін әкімшілік жаза ретінде 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.
Алайда ескертулер мен жазаларға қарамастан, егер жүргізуші мас күйде көлік басқаруды қайта жалғастырса, оған қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Бұл жағдайда жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Полицейлер барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және мас күйде көлік жүргізбеуге шақырады. Әр адамның қауіпсіздігі – өз қолында!