10 жастағы қазақстандық бала екі тәулік Түркия әуежайында жалғыз қалған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
2024 жылдың 21 желтоқсанында 10 жастағы бала футболшылар тобының құрамында Алматы-Анталия ұшағымен КС 915 рейсімен футбол лагеріне кеткен. Түркияға келгеннен кейін бала төлқұжатының жоқ екенін байқаған. Бұл туралы заңгер Данилхан Шағатаев мәлімдеді.- Тіркеуден өту, қол-жүктерін тексеру және ұшаққа отырғызу кезінде баланың мойнына арнайы сөмкеге салынған барлық қажетті құжаттары болған. Түркияға жеткен кезде бала өзінің халықаралық төлқұжатының жоғалып кеткенін біліп, бұл туралы Air Astana қызметкеріне хабарлаған, бірақ төлқұжат табылмаған,- деп жазды ол.
Ал, Air Astana әуекомпаниясы жолаушыларды тасымалдаудың халықаралық нормаларын қатаң сақтайтынын жеткізді. Балаларды алып жүру қызметі заңды өкілден баланы қабылдауды, ұшу кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ұшып келген кезде заңды өкілге беруді қамтиды. Бұл ретте құжаттар мен жеке заттар үшін жолаушының өзі жауапты.
- БАҚ-та жарияланған оқиғаға байланысты әуекомпания Анталия әуежайындағы төлқұжат бақылауында бір топ балалармен жүрген баланың төлқұжатының жоқ болғаны анықталған. Рейске ресімдеу кезінде құжат жолаушыда болды, бұл бейнежазбамен расталады. Әуекомпания қызметкерлері төлқұжатты өз бетімен іздеді, бірақ, өкінішке орай, құжат табылмады. Әуекомпания ҚР консулдығын болған оқиға туралы жедел хабардар етті, - деп атап өтті әуе компаниядан.
- Сондай-ақ, баланы ұстау шарттарын Түркияның көші-қон қызметі белгілейді. Өз тарапынан әуекомпания баланы үш реттік тамақпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етті және жағдайды тез арада шешу үшін ҚР консулдығымен және Түркияның көші-қон қызметімен тұрақты байланыста болды. Бұл жағдайда әуекомпания көші-қон қызметінің ұйғарымын орындауға міндетті және ол орындалды: бала Қазақстанға тікелей рейспен қайтарылды. Бұл үшін ережеге сәйкес оның кері билеті пайдаланылды, - деп түсіндірді Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі.