Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі 30,9 млн гектарға дейін ұлғайды

Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі 30,9 млн гектарға дейін ұлғайды
Фото: primeminister.kz

ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында республикада сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол бүгінгі таңда жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнде жануарлардың 227 түрі тіркелгенін мәлімдеді, оның ішінде 131 түрі омыртқалылар және 96-сы омыртқасыздар. 

«Қазіргі уақытта Министрлік Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес тізбені жаңарту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру – әлемдік қауымдастық тарапынан сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін сақтаудың ең тиімді кешенді шарасы болып танылды», — деді Ерлан Нысанбаев.

Тәуелсіздік жылдары Республикадағы ЕҚТА кеңейту және құру жұмыстары нәтижесінде олардың алаңы 869 мың га-дан 30,9 млн га дейін ұлғайды.

Елімізде биоәртүрлілікті сақтап қалу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2005-2023 жылдар аралығында сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті.

Сонымен қатар қар барысының санын қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданды, олардың негізгі тіршілік ету учаскелерінде 3,6 млн га аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды. Қазіргі кезде қар барысы мекендейтін жерлердің 70%-ға жуығы осындай ерекше аумақтармен қорғалған. Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды, алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр.

«Қар барыстарын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден (80-100 бас) екі есеге артып, 180 басқа дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді даму үстінде», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Бұдан басқа, жек дуадақ популяциясын сақтап қалу және табиғи тіршілік ету ортасына жіберу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерімен келісім аясында Түркістан облысында жек дуадақты қайта өсіру орталығы салынды. 2009-2024 жылдар аралығында 73 мыңнан астам жек дуадақ табиғатқа жіберілді.

Сонымен қатар экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (415 мың га) құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018 – 2024 жылдар аралығында резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде.

«Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз», — деп атап өтті Е. Нысанбаев.

Биыл құландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама аясында оларды «Іле-Балқаш» (42 бас) және «Алтын Дала» (24 бас) резерваттарына қоныс аудару жұмыстары сәтті аяқталды. 

Жануарларды қоныс аудару және олардың бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасау – түрді сақтап қалуға және Қазақстанның теңдессіз жазық далалы экожүйесінде табиғи тепе-теңдікті қайта қалпына келтіруге ықпал етеді.

Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құланның саны 1956 жылы Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның негізінде бүгінгі күні 4493 басқа жетті. Керқұланды қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын мекен еткен. Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Алайда, Министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында ағымдағы жылы Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр.

Ерлан Нысанбаев елімізде жануарлар дүниесін қорғаудың сәтті тәжірибесінің тағы бір мысалы ретінде киік популяциясының 2003 жылғы 21 мыңнан 2024 жылы 2 млн 833 мың басқа өскенін атап өтті. Көктемгі төлден кейінгі саны шамамен 4 млн басты құрады. Қазіргі таңда киіктің әлемдік популяциясының 99 проценті Қазақстанда мекендейді.

«Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) Қызыл кітапта киіктің табиғи қорғау мәртебесін үш санатқа жоғары көтеріп, «Жойылу қаупі төніп тұрған» санатынан «Қауіп төну шегіне жақын» санатына ауыстырды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарымен бірлесе елдегі аң өсіру әлеуетін іске асыруды көздейтін Заң жобасына бастама жасалды», — деп толықтырды министр.

Шет елдердің аң-құс өсіру тәжірибесі көрсеткендей, жабайы жануарларды қолдан өсіру олардың санының артуына, табиғаттағы жануарларға түсетін қысымды азайтуға, түрлерді сақтап қалуға және табиғаттағы тепе-теңдік пен әртүрлілікті қорғауға көмектеседі.

«Мәселен, Батыс Еуропада шамамен 10 мың фермада 700 мыңнан астам тұяқты жануар өсіріледі, Жаңа Зеландияда марал мен бұғылардың 800 мыңнан астамы торлы қоршауда, ал Намибияда жалпы алаңы 35 млн га құрайтын 5 мың ранчода 11 түрлі тұяқты жануарлардың 500 мыңнан астам басы өсірілуде», — деді Ерлан Нысанбаев. 

Цифрландыру аясында Министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Tabigat.gov.kz» табиғи ресурстардың интерактивті картасын әзірледі.

Қазіргі уақытта картада жабайы жануарлардың мекендеу орындары, миграция жолдары және аңшылық шаруашылықтар туралы мәліметтер көрсетілген. Болашақта картаға ұлттық парктер, су айдындары, туристік маршруттар, демалыс аймақтары және балық аулау учаскелері туралы мәліметтерді қосу жоспарланып отыр.

Биологиялық әртүрлілікті сақтап қалу жөніндегі конвенция аясында Қазақстан Республикасының міндеттемелерін іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасында биоәртүрлілікті сақтау концепциясын» әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, бұл құжат сирек кездесетін түрлер бойынша алдағы 10 жыл ішінде атқарылатын жұмыстардың стратегиясын айқындайды.

«Көрсетілген нәтижелерге қарамастан, шешілмеген мәселелер әлі де бар. 9 өңірде жануарлар дүниесін қорғауға арналған мамандандырылған ұйымдар әлі күнге дейін құрылмаған, нәтижесінде 14,8 млн гектар резервтік қор қорғалмай отыр. Бұл ауыртпалық Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жүктелуде. Сонымен қатар кейбір өңірлер бұл мәселенің оңтайлы шешімін тапты. Мәселен, Қарағанды облысында жеке ұйым құрылмай, қолданыстағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қосымша функциялар жүктелген», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, әкімдіктер жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыруы қажет. Алайда өңірлерде бұл жұмыс іс жүзінде жүргізілмейді.

Тағы бір назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе – ителгі санының азаюы. Қазақстандағы ең ірі сұңқар соңғы онжылдықтарда ғалымдардың бағалауы бойынша өте сирек кездесетін түрге айналған, ал кейбір аймақтарда түбегейлі жойылып кетті. Сонымен бірге осы құстың Қазақстандағы популяциясының қазіргі санын анықтауға қатысты кең ауқымды зерттеулердің болмауы – мемлекеттің табиғатты қорғау және қалпына келтіру шаралары бойынша ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты, Министрлік ителгінің қазіргі санын зерттеу және оны қоршаған ортаға жіберудің тиімділігін бағалау үшін 2025-2027 жылдарға арналған екі ғылыми-техникалық бағдарлама әзірледі.

«Қазіргі уақытта Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында осы бағдарламалардың қаралуы күтілуде, содан кейін Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына шығарылады. Сұңқар тұқымдас ителгі құсының популяциясын тиімді қалпына келтіру үшін жек-дуадақ үлгісінде оны өсіру орталығын құру қажет. Қазіргі уақытта біз бұл мәселені халықаралық серіктестермен бірлесіп қарастырудамыз», — деп түйіндеді министр.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді