Атырау қаласының аумағында 6-9 желтоқсан күндері «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты рейдтік іс-шара өтті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара аясында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды мұқият патрульдеп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізді.
Рейд барысында Skoda Rapid және ВАЗ-2121 NIVA автокөліктері тоқтатылып, құжаттары тексерілді. Нәтижесінде екі көлік жүргізушісінің де бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар Hyundai Creta автокөлігін басқарған 26 жастағы азаматтың психотроптық заттардың әсерінен мас күйде көлік жүргізгені анықталды. Бұл заң бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар қолданылды.
Анықталған барлық автокөліктер арнайы тұраққа қойылып, жинақталған іс-құжаттар мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.