Павлодар облысында 15 желтоқсанға дейін жалғасатын «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл шараның басты мақсаты – облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Ауылдық жерлерде негізгі күш-жігер қыстауларды, шаруа және фермер қожалықтарын тексеруге бағытталған. Осы тексерулер барысында тұрғылықты мекенжайы жоқ және көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтар анықталды. Нәтижесінде, көші-қон ережелерін бұзғаны үшін 2542 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Павлодар қаласында миграциялық қызмет қызметкерлері Тәжікстан азаматын ұстады. Ол сот шешімі бойынша маусым айында елден шығарылуы тиіс болған. 20 тәулік ішінде Қазақстан аумағынан өз еркімен кетуі қажет еді. Алайда, ел аумағынан шықпай, түрлі қалаларда жасырынған. Қазіргі уақытта ол мәжбүрлі түрде елден шығару үшін арнайы қабылдау орнына қамалды.
Шарбақты ауданында тағы бір заңбұзушылық анықталды. Шетелдік азамат шаруа қожалығында жұмысшыларды рұқсатсыз еңбекке тартқан. Ол Қазақстанға 2019 жылы келгенімен, көші-қон қызметіне тіркелмеген. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және ел аумағында заңды болу үшін құжаттарды рәсімдеуге шара қолданбағаны үшін шаруа қожалығының басшысы жауапқа тартылып, іс сотқа жолданды.
Павлодар облысының полиция департаменті тұрғындарды бұл іс-шараның маңыздылығын түсіністікпен қабылдауға шақырады. «Учаске» операциясының басты міндеті – аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Егер құқық бұзушылықтар туралы ақпараттарыңыз болса, жергілікті полиция бөлімшесіне хабарлауыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет.