Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш елордада Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы жуырда ашылған саябақтың аумағында орналасқан, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ескерткішті ашқан Президент жиынға қатысушылардың алдында сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Елорда күні қарсаңында қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашылатынын атап өтіп, былтыр осы игі дәстүрмен Елбасы кітапханасы музейінің бой көтергенін және оның алдынан ашылған саябақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналғанын айтты.
– Сондықтан бүгін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне орнатылған тарихи ескерткішті дәл осы жерде ашып отырмыз. Мерейлі жылда мұндай сәулет туындысының бой көтеруі – заңды құбылыс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттіліктің негізін қалыптастыруға, еліміздің шекара шебін айқындауға, халықаралық келісімдермен біржола шегендеуге, жаһандық дағдарысты еңсеруге, халықаралық беделін нығайтуға Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті.
– Елбасы көптеген халықаралық бастама көтеріп, мемлекетімізді жаһандық саясаттың төріне шығарды. Оны бүкіл әлем ұлы саясаткер, тарихи тұлға ретінде біледі. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі ұрпағы осындай ұлт перзентіне қарап, бой түзейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аса қауіпті сын-қатерлер мен жаппай қираған қиын-қыстау кезеңде Елбасы халықтың өзіне деген сенімін ұялатып, ертеңгі күнге деген үміт отын жаға білгенін атап өтті.
– Халықты ауқымды өзгерістерге талмай жетелеген Тұңғыш Президент аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асырушысына және Тәуелсіздігіміздің символына айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің саяси және экономикалық жетістіктерінің негізінде Елбасының бірегей бастамалары жатқанына назар аударды.
– Елбасының стратегиялық бағыты – елімізді одан әрі жаңғыртуға негізделген саясатымыздың берік негізі. Құбылмалы әлемде реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бізге айқын идеологиялық бағдар, орнықты әрі құнды негіз қажет, – деді Президент.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт мүддесіне қызмет еткен көрнекті қайраткерлерге ескерткіш қою – тарихи тұлғаларымызға шынайы құрмет көрсету деген пікір білдірді.
Осыған байланысты Президент жақын күндері Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейханға, Ахмет Байтұрсынұлына, Міржақып Дулатұлына, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа және басқа да көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіштер ашылатынын айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқын келе жатқан Елорда күнімен құттықтады.