ІІМ Алматы академиясына жұмыс сапарымен Гонконгтың Полиция колледжі мен Гонконг полиция бас басқармасының өкілдері келді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сапардың басты мақсаты – екі ведомстволық жоғары оқу орындары арасында әріптестік қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу және бірлескен тағылымдамаларды одан әрі ұйымдастыру және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру перспективасы болды.
Сапар аясында кездесудің ресми бөлігі өтті, онда екі тарап өздерінің оқу орындарын таныстырып, ерекшеліктеріне, білім беру үдерісіне және оқытуға деген көзқарастарына ерекше назар аударды. Мәселен, Гонконг Полиция колледжінің өкілдері заманауи технологияларды қолдануға негізделген оқытудың бірегей әдістемесі туралы айтты.
– Гонконг полициясы – әлемдегі ең ірі полиция ұйымдарының бірі. Олардың ведомстволық оқу орнымен ынтымақтастық озық тәжірибелермен алмасуға, оқу бағдарламаларын жақсартуға және құқық қорғау органдары саласында кадрлар даярлау сапасын арттыруға маңызды қадам, – деді Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанат Ділбарханова.
Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орнының өкілдері Гонконгта констабльдерді бастапқы базалық даярлауды және Гонконг полиция инспекторларын оқытуды жүргізетін мектептер мен колледждер жұмыс істейтінін атап өтті.
<!--more-->– Біздің оқу орындарымыздың арасында көптеген ұқсастық бар және бұл ынтымақтастық жаңа бірлескен жобаларға әкеледі деп үміттенеміз. Сіздердің елдеріңізге барып, Қазақстанмен берік байланыс орнату біз үшін үлкен мәртебе. Біздің ынтымақтастығымыз екі елдің құқық қорғау органдарын дамытуға өз пайдасын береді деп үміттенеміз, – деп атап өтті делегация өкілі Choi Tung-Tsoi, Louis.
Сапар барысында қабылдаушы тарап делегация қатысушыларын ІІМ Алматы академиясының білім беру процесі мен инфрақұрылымының бірегей аспектілерімен таныстырды.
Осылайша, қонақтарға әскери және тактикалық-арнайы даярлық, дене шынықтыру даярлығы кафедрасында сабақтар, киберполигонның мүмкіндіктері, сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің кинологиялық қызметі мен жедел әрекет ету арнайы жасағының көрсетілімі көрсетілді.
Сонымен қатар делегация Наурызбай ауданы полиция басқармасының полиция сервистік орталығына барды.