Солтүстік Қазақстан облысында Елизавета, Эвелина және Маргарита атты үшем дүниеге келді. Нәрестелердің де, аналарының да жағдайы жақсы, бірер күнде үйге жіберіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Петропавл тұрғыны Ильяшенко отбасы нәрестелі болуды 7 жыл күткен екен. Нәтижесінде биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өмірге үшем келді.
«Үшем болатынын естігенде сасқалақтап қалғаным рас, мен егіз, әрі қыздар болса екен деп тілегенмін. Шүкір, Елизавета 2,145 кг салмақпен туды, бойы 47 см, ішіндегі ең кішкентай – Эвелина – салмағы 1,976 кг, бойы 40 см болды, Маргарита – 2,123 кг салмақпен дүниеге келді және бойы 43 см. Үлкен ұлым бар, 7 жаста. ЭКО арқылы босанып отырмын. Кесарь тілігі арқылы дәрігерлер аман-есен босандырып алды», - дейді Юлия Ильяшенко.
Қазір ананың да, қыздардың да жағдайы жақсы.
«Үшемнің денсаулығы жақсы, тек салмақтары аз. Жалпы қыздар ұлдарға қарағанда белсенді, анасын еміп, салмақ қосып жатыр. Жақында үйлеріне жібереміз. 35-ші аптаға босандырамыз деп жоспарлаған едік. Белгіленген күні еш қиындықсыз босандырып алдық. Қазір әйелдің жағдайы қалыпқа келіп жатыр», - дейді облыстық перинаталдық орталықтың босанудан кейінгі бөлім меңгерушісі Сәуле Мұстафина.
Маманның айтуынша, биылғы 8 айда облыста 2523 нәресте өмірге келді. Соның ішінде 32 егіз бар. Ал үшем биылдыққа алғаш рет туып отыр. Былтыр үш үшем және 62 егіз, жалпы барлығы 4204 нәресте дүниеге келді.
«Салмағы 4 кг асатын нәрестелер ірі деп саналады, биыл осындай 457 бала туды. Оның ішіндегі ең үлкенінің салмағы - 5,630 кг. Ер бала. Соңғы уақытта осындай алып бала көптеп туатын болған», - дейді Сәуле Мұстафина.
Бұған дейін, елімізде балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін зерттеу жүргізіліп жатқанын жазған едік.