Алматылық киіз үйлер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көпшілікті тәнті етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Алматы өзінің сұлулығы мен қонақжайлығын паш етті! Қонақтарды Жетісудың барлық мәдени сорттарының атасы саналатын Сиверс алма ағашынан бейнеленген бақ декорациясы ерекше әсерге бөледі.«Көшпенділер Әлемі» этноауылында туристердің көзайымына айналған үш ерекше киіз үй орнатылды:* Welcome to Almaty: Бұл футуристік киіз үйде 3D-визуализация және дыбыстық эффектілердің көмегімен қала атмосферасына еніп, көркі көз тартар табиғи сұлулығын, көрікті жерлерін көріп, Алматының рухын сезінуге болады.
* Ұлттық қазына: Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі осы киіз үйде ерекше аспаптар коллекциясын таныстырып, қонақтарды қазақ халық аспаптарының жанды үнімен таңғалдырды.
* Біз кесте: Мұнда қонақтар алматылық шебер Зейнелхан Мұхамеджанұлының ұлттық кесте шедеврлерін тамашалап, шеберлік дәрісінде бағын сынап көре алды.Алғашқы күні-ақ киіз үйді 5000-нан астам адам көрді! Кешкісін қонақтарды Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Айгүл Қосанова және басқа да жұлдыздар қатысқан «Ұлы дала үні» атты керемет концерті өтті. Алматы өзінің заманауи қала ғана емес, терең тарихы мен мазмұнды мәдениеті бар екенін тағы да дәлелдеді.