Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Премьер-Министр Олжас Бектенов шаруаларды қаржыландыру жүйесін қайта қарау жөніндегі негізгі міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржы-экономикалық блокпен және «Бәйтерек» холдингімен бірге тікелей субсидия беруден төмендетілген ставкалар бойынша қолжетімді несие беруге біртіндеп көшу тетігін әзірлеу тапсырылды. Бұл жұмысқа екінші деңгейдегі банктерді тарту керек.
Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы деректерді бұрмалау фактілеріне қатысты саланы цифрландыру жөніндегі жұмысты күшейту және деректерді кез келген бұрмалап берудің жолын кесу қажет. Сондай-ақ Бас прокуратурамен бірлесіп, жерді алып қоюдың оңайлатылған тәртібін әзірлеп, қабылдау тапсырылды.
«Мемлекет басшысы еліміздің орман алқаптарын ұлғайтуды, оның ішінде "Семей орманы" резерватының тұқымдық материал өсірудегі тәжірибесін пайдалануды тапсырды. Экология министрлігі осы жобаны орманды өңірлердің бәріне таратуы керек. Экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қоршаған ортаны таза күйінде сақтаудың және "Таза Қазақстан" экологиялық науқанының жалғасына айналуы тиіс. Бұл Тұжырымдаманы осы айдың соңына дейін қабылдау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.